Қазақ кiлемiн алыңыз!

Шымкенттегi «Көрме» орталығында «Ұлы дала кiлемдерi» жәрмеңкесi 7 шiлде күнi салтанатты түрде ашылды. Үш күн қатарынан өтетiн көрменi елiмiздегi кiлем шығаратын iрi кәсiпорындардың бiрi – «Бал Текстиль» ұйымдастырды.

 

Көрмеге қатысушыларға кiлемнiң 1000-нан астам түрi ұсынылды. Шара аясында арзандатылған бағада кiлем сатып алуға болады.

 

«Бал Текстиль» фабрикасы «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Заманауи бельгиялық жабдықпен тоқылған кiлемдердiң сапасы жоғары, бағасы да қолжетiмдi. Мұнда синтетикалық «БПК», «Жылу – Set», «Frize» полипропилен жiп брендтерiнен кiлемдер тоқылады. Компанияның өнiмдерi «Тұран», «Хан Тәңiрi», «Лидер», «Алатау», «Сарыарқа», «Барыс», «ANTIQUE IMPERIAL», «ASTANA DELUXE», «VIZION», «FRIZE», «KASHAN», «SILK» сауда белгiлерiмен шығады. 2013 жылдың 20 қазанынан кәсiбiн бастаған компания тұтынушылардың оң бағасын алып үлгердi. Компания алдағы уақытта Еуропа нарығына шығуды басты мақсат етiп отыр.

 

– Көрменi ұйымдастырудағы мақсатымыз – отандық өнiмдi халыққа таныту. Кiлемдер дизайны, сапасы, бағасы жағынан елiмiздегi тұтынушыларға қолжетiмдi. Шетелден әкелiнетiн кiлемдерден еш кем емес. Халық бiздiң тауарларымызды көрiп, салыстырсын, бағасын берсiн деген ниетпен көрмеге шетелдiк кiлемдердi де қойып отырмыз, – дейдi фабрика басшысы Талғат Ысқақов.

 

Кәсiпорын басшысының айтуынша, отандық тауарлар Қырғызстан, Ресей, Тәжiкстан, Дағыстан елдерiне экспортталуда.

 

«Бал Текстиль» 2014 жылы республикалық «Алтын сапа» байқауында «Халық тұтынатын тауар» номинациясы бойынша екiншi дәрежелi дипломмен марапатталған. ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаев 2014 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысына жасаған iссапарында фабрикаға арнайы ат басын бұрып, кiлемдерге, оның қазақи үлгiдегi ою-өрнектерiне жоғары бағасын берген болатын. Өзiнiң балалық шағын есiне ала отырып, анасының осындай сырмақ, киiздердi қолдан жасағанын айтқан. Президент соны заманауи үлгiдегi соңғы технологиялармен ұштастырып, жандандырып жатқан фабрика қызметкерлерiне ризашылығын бiлдiрген. Әңгiме кезiнде фабрика қызметкерлерi ұлттық ою-өрнектерiмiздiң тарихы тереңде жатқанына, әр оюдың өзiндiк мағынасы бар екендiгiне тоқталып, «Қазақ кiлемi» деген брендтi қалыптастыру үшiн еңбек етуге уәде берген.

 

Компания алдағы уақытта кiлемдерiн Германия, Англия, Қытай және АҚШ нарығына шығармақ. Көрмеге экспортталатын кiлем түрлерiн және жiбек кiлемдердiң жаңа нұсқаларын алып келiптi. 2015 жылы 2 200 000 шаршы метр кiлем өнiмдерiн шығарған өндiрiс орны, сол жылы бюджетке 180 миллион теңге салық төлеп, облыста «Ең үздiк салық төлеушi» номинациясын жеңiп алды.

 

Кiлем фабрикасында бүгiнде 235 адам жұмыс iстейдi. Орташа жалақы – 80 000 теңге. Жұмысшылар үш мезгiл тегiн тамақпен, жұмысқа апарып-әкелетiн тегiн транспортпен қамтамасыз етiлген. Айта кету керек, «Бал Текстиль» фабрикасының Қазақстан бойынша 400-ден астам дистрибьюторы бар. Компания болашақта бүкiл әлемде кiлем шығарудан көшбасшы болуды мақсат етуде.

 

Көрмеге келушiлер арасында ұтыс ойыны ұйымдастырылды. Бағы шапқандар үйлерiне «Бал Текстильдiң» қалы кiлемдерiн алып қайтты.

 

Баян ДАРҒОЖИНА.

 

Ақпарат көзі: Okg.kz